Х. Ерғалиев ауылдық музейі
Хамит Ерғалиев атындағы музей - әдеби бағыттағы, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейінді мәдени мекеме. Музей экспозициясында Халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің жеке заттары, шығармашылық жолына қатысты фотосуреттері мен құжаттары, ақынның поэзиялық еңбектері мен аудармалары, қазақ әдебиеті тарихындағы орны туралы құнды мәліметтер мен деректер қойылған.
Музейдің негізгі мақсаты - Хамит Ерғалиевтің бай рухани мұрасын келер ұрпаққа жеткізу, жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, қазақ поэзиясының көрнекті өкілінің шығармашылығын кеңінен таныту және патриоттық, мәдени-рухани тәрбие беру. Сонымен қатар музей әдебиет сүйер қауым үшін рухани тәрбие мен білімнің маңызды ордасы саналады. Музейдің ашылу тарихы 1998 жылғы 22 мамырда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №466 «Ақын Хамит Ерғалиевтің есімін есте қалдыру туралы» қаулысына сәйкес бастау алып, ұлы ақынның 90 жылдық мерейтойына орай 2006 жылы салтанатты түрде ашылды. Музейдің жалпы аумағы - 88,8 шаршы метр. Қазіргі таңда музей қорында 453-тен астам жәдігер сақтаулы.
Экспозициялық құрылымы 7 витринадан тұрады:
Бірінші витринада Хамит Ерғалиевтің эскадрон командирі ретінде майданға аттанар сәтіндегі және соғыстан оралған кездегі фотосуреттері орналастырылған. Төменгі бөлігінде ақынның Ұлы Отан соғысы жылдарында алған ордендері мен медальдары қойылған.
Екінші витринада Х. Ерғалиевтің замандас ақын-жазушылармен түскен фотосуреттері мен мерекелік құттықтау хаттары жинақталған.
Үшінші витрина музейдің ашылу тарихын баяндайды. Онда ресми құжаттар мен фотоматериалдар арқылы музейдің қалыптасу кезеңдері көрсетілген.
Орталық ширмада ақынның отбасы мүшелерімен түскен жеке фотосуреттері ілінген. Оның алдында үстелге ақын күнделікті тұтынған бұйымдар мен киім-кешектері қойылған.
Төртінші, бесінші, алтыншы және жетінші витриналар ақынның шығармашылық мұрасына арналған. Онда оның әр жылдары жарық көрген жыр жинақтары, аударма еңбектері және мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары ұсынылған.
Х. Ерғалиев музейі - тек өткенді еске алатын орын ғана емес, сонымен қатар болашаққа бағыт сілтейтін рухани-мәдени орталық. Ол қазіргі таңда ұлттық әдебиет пен мәдениетті насихаттауда, жас ұрпаққа тәрбиелік мәні зор мұра қалдыруда айрықша рөл атқарып отыр.