Ерлік музейі
«Ерлік» музейі - Қазақстан Республикасының рухани-мәдени кеңістігінде ерекше орын алатын патриоттық бағыттағы музейлердің бірі. Музей Шымкент қаласында орналасқан және елдің әскери тарихына, әсіресе, Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы және басқа да әскери қақтығыстарда ерлік көрсеткен азаматтардың өмір жолына арналуымен ерекшеленеді. Музей 2012 жылы құрылып, 2013 жылдың 19 шілдесінде Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде бекітілді. Қазіргі таңда «Шымкент қалалық музейлер бірлестігіне» қарасты.
Музейдің негізгі миссиясы - Қазақстанның ерлікке толы әскери тарихын халыққа таныту, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, Отан алдындағы парызын адал атқарған жауынгерлердің есімін мәңгілік есте сақтау. Музей ішіндегі экспозициялар мазмұны жағынан Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі қазақ жауынгерлерінің майдандағы ерліктерін, тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегін, сонымен қатар соғыстан кейінгі жылдардағы Ауғанстандағы әскери қимылдарға қатысқан жауынгерлердің қызметін қамтиды. Бұл тұрғыда қазақ халқының әскери-патриоттық рухының биіктігі, жауынгерлік қасиеттері мен азаматтық борышын өтеудегі ерлігі кеңінен көрсетіледі.
«Ерлік» музейі 494 шаршы метр аумақта орналасқан. Жалпы экспонаттардың саны 5 454.
«Ерлік музейі» 5 залдан тұрады:
1. «Ұлы Отан соғысы залы» - 1941-1945 жылдар туралы, елін жаудан қорғап қалған ержүрек отандастарымыз туралы ақпарат береді. Музей қорында Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің құнды жәдігерлері, құжаттары, орден медальдары, фотосуреттері және жеке заттары сақталған.
2. «Ауған соғысын баяндайды» - 1979-1989 жылдар арлығында болған Ауған соғысы. Шайқаста құрбан болған және осы отты оқиғадан аман қалған жерлес жауынгерлер мен офицерлердің деректі материалдары, киім-мүліктері экспозицияға қойылған.
3. «Тылдағы еңбеккерлер залы» - Ұлы Жеңісті жақындатуға сұрапыл соғыс жылдарында бел жазбай еңбекетіп, қиямет-қайым қиындықтарды жеңе білген тыл ардагерлерінің қосқан үлесі өлшеусіз. Тыл ардагерлерінің материалдары, фотосуреттері, қолданған заттары.
4. «Желтоқсан, Семей, Қарабах ардагерлеріне арналған» - Желтоқсан оқиғасы, Семей ядролық сынақтарына қатысқан және Қарабах соғысының ардагерлеріне арналған бұл экспозиция - олардың ерлік жолын, өмірлік күресін және халқына сіңірген еңбегін көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Бұл көрмеге ардагерлердің өмірінен сыр шертетін көптеген жәдігерлер қойылған. Атап айтқанда, олардың алған ордендері мен медальдары, түрлі марапаттары, ресми куәліктері, әскери және азаматтық фотосуреттері, сондай-ақ тарихи құжаттары топтастырылып, жұртшылық назарына ұсынылған. Бұл жәдігерлер тек бір адамның емес, тұтас бір дәуірдің, күрес пен қайсарлықтың көрінісі ретінде көрмеге ерекше мазмұн мен мағына береді.
5. «Егемен Қазақастан» - Егемен залында еліміздің егемендікке жету жолындағы Қазақстанның жаңа тарихындағы елеулі оқиғалар бейнеленген. Музей қорынан алынған жәдігерлермен танысуға болады.