Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Құрманғазы аудандық музейі

Киелі Құрманғазы өлкесінің өткен және қазіргі тарихы туралы сыр шертетін, рухани қазынамызды жинақтап, зерттеп, зерделеп, тарихын халыққа танытып отырған Құрманғазы аудандық музейі ‒ 1963 жылы алғаш мектеп жанынан қоғамдық негіздегі музей бұрышы болып қаланды. Мектеп жанынан ашылған қоғамдық негіздегі музейді ұйымдастыруға үлес қосқан өлкетанушы, тарих пәнінің мұғалімі ‒ Бектенов Зариф. 1971-1979 жылдар аралығында Теңіз аудандық мәдениет үйінен орын беріліп, халық музейі аталды. 1979 жылы 23 шілдеде Теңіз аудандық Атқару комитетінің шешімімен көрермендерге өз есігін ашып, аудандық музей болып құрылды. 1982 жылы Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің Құрманғазы аудандық бөлімшесі болып құрылды. 

Өлке тарихына байланысты деректерді жинап, музей қорының бай жәдігерлермен толығуына, аудандық музейлер ішінде облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрінуіне бірден-бір еңбек сіңірген өлкетанушы, 1986-1996 жылдары музейге басшылық жасаған ‒ Мақсот Жолжанов болды. Аудан музейін басқарған он жыл уақыты ішінде өлкетанушы-тарихшы, республикаға танымал болған топономик ретінде өзін дәлелдей білді. 1992 жылы жергілікті автобаза мекемесінің көмегімен музей үйі жанынан қосымша құрылыс салынып, мекеме кеңейтіледі. 

Музей жұмысының негізгі бағыттары - жәдігерлерді жинақтау, тіркеу-сақтау, экспозициялық және насихаттау жұмыстары. Музей қоры өлкенің мұрасын паш ететін көптеген жинақтамаға ие. Жинақтаған жәдігерлерді сақтап қана қоймай, заттық және рухани құндылықтарды танытып, зерттеп, мазмұнын насихаттап, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды роль атқарады. Музей қорында ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейінгі материалдық және рухани құндылықтардан тұратын: археологиялық, тұрмыстық және этнография, нумизматика, сирек кездесетін қолжазбалар, тарихи деректі құжаттар мен фотосуреттер, қару-жарақтар, аң-құстар тұлыптары сақталған.

Музейдегі экспозициялар бірнеше тақырыптық бағытта топтастырылған.   

1. «Этнография» залы - қайсар қазақ халқының сарқылмас мәдениеті, өзіне тән тұрмыс-тіршілігін баяндайды. Қазақтың негізгі баспанасы киіз үйдің ішкі көрінісі жабдықталған панорамасы арқылы қазақтардың киізден жасалған дәстүрлі жылжымалы баспанасы туралы келуші көрермен кеңірек мәлімет алуына болады. Залда, сонымен қатар, ХІХ ғасырға жатқызылатын күмістен жасалған зергерлік бұйымдар, терме алаша тоқу үлгісі көрсетілген өрмек тоқу макеті мен алашалардың түрлері, ат әбзелдерінің жиынтықтары, көрік орналасқан. Бұл бұйымдар арқылы қазақ халқының өткен ғасырлардағы рухани мәдениетін байқауға болады.

2. «Өлке тарихы» залы - Аудан өңірі ежелден өнер дарыған өлке. Одан республикаға, бүкіл әлемге танымал болған, есімдері қазақ халқының мақтанышына айналған біртуар дарын иелері көптеп табылады. Осындай өнер иелеріне, сондай-ақ ауданның экономикасының, ауыл-шаруашылығының, білім саласының дамынуына ат салысып есімдері ел есінде қалған басшылар мен еңбек ардагерлерінің жеке құжаттары, суреттері және тұтынған бұйымдары қойылған.

3. «Аудан ардақтылары» залы - Күй атасы Құрманғазы Сағырбаевтың суреті, Алтынжардағы кесенесінің макеті, Дина Нұрпейісованың куй шертіп батасын берген Мұхамедұлы Рысқалидың домбырасы, ауданымызға белгілі Теңіз жағалауы округі әкімі, этнограф Мақаш Бекмұхамбетовтың суреті, 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, 2 рет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы М.Сабырованың бас киімі, шапаны, сөмкесі орын алған.

4. Табиғат бөлімі - экспозицияда «Жануарлар мен құстар әлемі» панорамасында біздің өңірімізде кездесетін аң-құстардың түрлерін және тіршілігін көрсететін диорама назарға ұсынылып, аң-құстар тұлыптары орналастырылған.

Жұмыс уақыты 09.00-18.30
Билет құны 300
Веб-сайт atyrau-museum.kz
Scroll to Top